КӘСІПОДАҚ МЕРЕКЕСІНДЕ БЕЛСЕНДІЛЕРДІҢ ЕҢБЕГІ БАҒАЛАНДЫ
10 қазан – Кәсіподақтар күніне орай Түркістан облыстық кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен салтанатты шара өтті. Кәсіподақ саласында еңбек етіп, ұйымның дамуына үлес қосып жүрген бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары бас қосқан жиында еңбекті қорғау, әлеуметтік әріптестік пен кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз етудің маңызы айрықша аталды. Салтанатты шараға Түркістан облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Ж.Шайдуллаұлы, төраға орынбасары Е.Исатаев, облыстық кәсіподақтың маманы Б. Абдураимов және облысқа қарасты бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары қатысты.
Шара барысында облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Ж.Шайдуллаұлы барша кәсіподақ мүшелерін кәсіби мерекемен құттықтап, кәсіподақ қозғалысының қоғамдағы маңызды рөліне тоқталды. Ол бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары – еңбек ұжымындағы әр қызметкердің жанынан табылып, заңды құқықтары мен әлеуметтік мүдделерін қорғауға, еңбек жағдайын жақсартуға және әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға тікелей үлес қосып жүрген азаматтар екенін атап өтті. Сонымен қатар, салаға адал қызмет етіп, кәсіподақ жұмысына белсенді араласқан бірқатар азаматтарға лайықты марапаттар табысталды.
Кыдыралиева Гульнар Абдрасиловна, Түркістан қаласындағы Абай атындағы №31 жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, «Сала қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген айрықша еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Ал Н.Матенова, А.Қонысова, Н.Қашигова, Д.Ибрагимова Салалық кәсіподақтың Түркістан облыстық ұйымы төрағасының Құрмет грамотасына ие болды.
Кәсіподақ қозғалысына белсенді үлес қосып, бастауыш ұйымдардың жұмысын жүйелі жүргізіп келе жатқан Р.Омарова, А.Тоқанов, Ж.Джапахова, Б.Байжұманова, Ж.Қалдыбаева «Түркістан облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Бұл – кәсіподақ жұмысының көзге көрінбейтін, бірақ еңбек ұжымының бірлігі мен тұрақтылығына тікелей әсер ететін күнделікті еңбегіне берілген жоғары баға.
Салтанатты шара соңында марапат иелері көрсетілген құрметке ризашылықтарын білдіріп, кәсіподақ ұйымының қызметкерлердің құқықтары мен әлеуметтік-еңбек мүдделерін қорғаудағы маңызына тоқталды. Кәсіподақ – тек ұйым емес, ол еңбек адамының жанындағы қорған, әділет пен әлеуметтік әріптестіктің берік тұғыры. Бүгінде Түркістан облысының кәсіподақ ұйымы еңбек ұжымдарының үнін естіп, мүшелерінің мүддесін қорғау жолындағы жүйелі жұмысын жалғастыруда.
Кәсіподақтар күні құтты болсын!
Еңбек адамының еңбегі еленіп, құқығы қорғалып, мәртебесі биіктей берсін!
Түркістан облыстық кәсіподақ ұйымы
-
Фото
-