ЖЕТІСУДА ҰСТАЗДАР ҰЛЫҚТАЛДЫ
Талдықорған қаласындағы І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында Ұстаздар күніне арналған салтанатты мерекелік шара өтті.
Шара барысында «Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы М.Төлепбергенов білім беру саласының педагогтарын, сала ардагерлері мен кәсіподақ белсенділерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі еңбегіне жоғары баға берді.
Салтанатты жиын барысында білім саласында еселі еңбек етіп жүрген бірқатар ұстаздар, үздік қызметкерлер мен кәсіподақ қозғалысына белсенді атсалысып жүрген азаматтар марапатталды. Атап айтқанда, «Кәсіподақ ардагері», «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін», «Еңбек адамы», «Құрметті ардагер», «Үздік маман» төсбелгілері мен салалық кәсіподақтың Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарымен марапатталды.
Марапат иелерінің әрқайсысы – өз ісіне адалдығымен, кәсіби білімімен және қоғамдық белсенділігімен ерекшеленген жандар. Олардың қатарында білім саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, бірнеше буын шәкірт тәрбиелеген ардагер ұстаздармен бірге кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жандандыруға белсенді үлес қосып жүрген кәсіподақ мүшелері де бар.
Салтанатты шара барысында әлеуметтік әріптестіктің маңызы да атап өтілді. Талдықорған қаласы бойынша білім бөлімінің басшысы Ш.Шәріпбаева сөз сөйлеп, ұстаздарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, еңбектеріне толағай табыс тіледі.
Ұстаз еңбегін ұлықтаған мерекелік шара өнерпаздардың әсерлі концерттік бағдарламасымен жалғасып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы