ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ – БАСТЫ БАСЫМДЫҚ
Алматы қаласы «Ұстаз» жергілікті кәсіптік одағының Алмалы аудандық кәсіподақ комитеті «Лайықты еңбек үшін бүкіләлемдік іс-қимыл күніне» орай еңбек саласындағы құқықтар мен әлеуметтік кепілдіктерді түсіндіруге бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Осы бастама аясында №14 бөбекжай-балабақша ұжымы қызметкерлер үшін арнайы кездесу ұйымдастырып, оған Алмалы аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Оразалиева Раушан Дүйсебаевнаны шақырды.
Кездесу барысында балабақша қызметкерлерінің еңбек жағдайлары, еңбек заңнамасының негізгі талаптары, жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы еңбек қатынастары, демалыс уақыты және әлеуметтік кепілдіктер мәселелері қарастырылды. Қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, еңбек қатынастарына байланысты нақты түсініктемелер алды.
Сонымен қатар, аудан көлемінде еңбек адамдары мен қызметкерлердің басын қосқан арнайы іс-шара ұйымдастырылды. Оның негізгі мазмұны еңбек адамының қоғамдағы орны мен еңбектің адам өміріндегі маңызын ашуға арналды. Қатысушылар өз еңбек жолдары, кәсіби тәжірибелері және еңбек ұжымындағы өзара қолдаудың маңызы туралы ой бөлісті.
Шара барысында адал еңбекке деген құрмет, әр мамандықтың қоғам дамуындағы өзіндік үлесі, еңбек мәдениеті мен ұжымдық бірліктің маңыздылығы жөнінде мазмұнды пікір алмасу өтті. Сонымен қатар, кәсіподақ ұйымының еңбек ұжымдарын біріктірудегі және қызметкерлердің ортақ мүдделерін қорғаудағы рөлі атап өтілді.
Іс-шаралар ашық әрі еркін пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар үшін тәжірибе бөлісуге, өзекті мәселелерді талқылауға және еңбекке деген құрметті арттыруға мүмкіндік берді.
Жалпы іс-шаралардың негізгі мақсаты – еңбек адамдарына құрметті қалыптастыру, қызметкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру, еңбек мәдениетін дамыту және кәсіподақтың қызметкерлердің мүддесін қорғаудағы рөлін нығайту.
-
Фото
-