ТАҒЫЛЫМДЫ КЕЗДЕСУ
1 қазан – Халықаралық қарттар күні аясында Қызылорда облысының Сырдария аудандық білім бөлімінің мәжіліс залында «Өнегелі өмір – ұрпаққа мұра» тақырыбында тағылымды кездесу өтті. Жиынға аудан көлеміндегі білім беру ұйымдарында қызмет атқарған сала ардагерлері мен ардагерлер кеңесінің төрағалары қатысты.
Мерекелік кездесуге аудандық білім бөлімінің басшысы Е.Жақып, білім саласы қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы А.Есназар, білім саласы қызметкерлерінің бастауыш ардагерлер ұйымының төрайымы Г.Әбілқызы және сала ардагерлері қатысты.
Тағылымы мол кездесуде аудандық білім бөлімінің басшысы Е.Жақып ардагерлерді айтулы мерекемен құттықтап, олардың саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесі мен білім саласының дамуына арнаған еңбектерін ерекше атап өтті.
Бұл ретте, ардагерлерге арнайы сыйлық пен «Алғыс хат» табысталып, олардың еңбегіне деген құрмет көрсетілді. Өз кезегінде Е.Жақып алдағы уақытта аудандық білім бөлімінің жанынан ардагерлер кеңесіне арналған арнайы бөлме ашу жоспарланып отырғанын жеткізді.
Тың бастама сала ардагерлерінің басын біріктіріп, олардың өзара тәжірибе алмасуына, қоғамдық жұмысқа белсенді араласуына және кейінгі буынмен байланысты нығайтуына мүмкіндік бермек.
Емен-жарқын әңгімеге негізделген кездесуде білім саласында атқарылып жатқан бірқатар жұмысқа да тоқталып, білім сапасын арттыру, ұстаздардың кәсіби біліктілігін жетілдіру, жас мамандарды қолдау және білім беру ұйымдарындағы қоғамдық-әлеуметтік бастаманы дамыту бағытындағы жұмыс сөз болды.
Өз кезегінде білім саласы қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы А.Есназар ардагерлерге құрмет көрсету – кейінгі ұрпақтың үлкенге деген ізеті мен адамгершілік қасиетінің көрінісі екенін жеткізді.
Ал білім саласы қызметкерлерінің бастауыш ардагерлер ұйымының төрайымы Г.Әбілқызы ардагерлердің басын қосып, олардың өнегелі жолын кейінгі ұрпаққа насихаттаудың маңыздылығына тоқталды.
Кездесуде талай жыл білім саласында абыройлы еңбек етіп, бүгінде зейнеткерлік демалыста жүрген ардагерлер де жылы лебіздерін білдірді. Олар білім саласында еңбек еткен жылдарын еске алып, әріптестерімен ой бөлісті. Жас мамандарға ақыл-кеңестерін айтып, ұстаздық жолдағы тәжірибелерімен бөлісті.
Аға буынға деген құрметті арттырып, ұрпақтар сабақтастығын нығайтқан тағылымды іс-шара өнер мектебінің ұстаздарының ерекше өнерімен қорытындыланды.
Қызылорда облысы, Сырдария аудандық кәсіподақ комитеті
-
Фото
-