ЖАҢАШЫЛ ҰСТАЗ
Жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруді басты міндеті санайтын жас ұстаздың бірі – Ескелдина Диана Витальевна.
Диана Ескелдина 1996 жылы 17 қыркүйекте Ақтөбе облысы Алға ауданы Тоқмансай ауылында дүниеге келген. Ақтөбе көпсалалы «Тарлан» колледжін үздік дипломмен тәмамдап, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде жоғары білім алған. Жалпы еңбек өтілі – 7 жыл, педагогикалық өтілі – 5 жыл. «Педагог-модератор» санатындағы ұстаз өз жұмысында заманауи әдіс-тәсілдерді тиімді қолданып, шәкірттерінің қабілетін шыңдауға ерекше көңіл бөледі.
Кәсіби жетістіктері де аз емес. «Жаңа мектепке – жаңашыл ұстаз» VI республикалық байқауының аудандық кезеңінде І орын, облыстық кезеңінде ІІ орын иеленіп, республикалық кезеңде алғыс хатпен марапатталған. 2025 жылы Абай мұрасын насихаттаудағы еңбегі үшін Ақтөбе облысы әкімінің, ал 2026 жылы Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің алғысына ие болды.
Ұстаз еңбегінің жемісі – шәкірт жетістігі. Оның оқушылары аудандық және облыстық байқауларда жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Атап айтқанда, Айзия Төлегенова «Ақберен» байқауының көркемсөз номинациясы бойынша аудандық І орын, облыстық ІІІ орын иеленіп, «Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы» байқауында Бас жүлдеге қол жеткізді. Аяулым Балмурзина пәндік олимпиаданың аудандық кезеңінде ІІ орын алса, Ақбота Сәндібек «Жұбановтар әлемі» байқауының эссе бағыты бойынша жүлдегер атанды.
Ізденіс пен жауапкершілікті серік еткен Диана Ескелдина әріптестері арасында сыйлы, қоғамдық жұмыстарға белсенді, кәсіби дамуға ұмтылатын ұстаз. Оның басты мақсаты – білімді, тәрбиелі, ел болашағына үлес қоса алатын ұрпақ қалыптастыру.
Жас болса да, еңбегімен танылып, шәкірт жетістігімен қуанта білген Диана Ескелдина – жаңашылдықты жанына серік еткен жас ұстаздың жарқын үлгісі.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы