ЖАС ҰСТАЗ – МЕКТЕПТІҢ ЖАҢА ТЫНЫСЫ
Жас ұстаз – жаңашылдықтың жаршысы, білім мен ізденісті қатар ұштастыратын тұлға. Осындай ізденімпаз ақтөбелік мамандардың бірі – Бақбергенова Гүлнұр Темірханқызы №6 Хромтау гимназиясының тарих пәні мұғалімі, тарих білімінің магистрі, педагог-зерттеуші. Педагогикалық еңбек өтілі 9 жылдан астам. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, жаңашылдыққа ұмтылатын жас ұстаз оқушылардың тарихи танымын, сыни ойлау және зерттеушілік қабілеттерін дамытуға ерекше көңіл бөледі.
Кәсіби жетістіктері қатарында 2020 жылы тарих пәні мұғалімдері олимпиадасында І орын, 2021 жылы «Үздік тарих пәні мұғалімі» облыстық байқауында ІІ орын, 2022 жылы «Үздік сабақ жоспары» облыстық байқауында ІІ орын бар. 2023 жылы «Үздік жас ғалым» Хромтау ауданы марапатына ие болды. 2024–2026 жылдары республикалық және облыстық конференцияларда спикер болып, ғылыми-әдістемелік мақалалар жариялады. 2025–2026 оқу жылында аудандық тарих пәні мұғалімдеріне арналған «SMART HISTORY: Тарих пәнін оқытуда жасанды интеллектті пайдалану жолдары» атты шығармашылық шеберханаға жетекшілік етті.
Ұстаз жетекшілігімен оқушылары «Зерде», «Яссауитану», «Мәшһүр-Жүсіп оқулары» және басқа да ғылыми-зерттеу, зияткерлік байқауларда жетістіктерге жетті. 2026 жылы шәкірті Қожахмет Айару республикалық «Яссауитану» байқауында диплом иегері атанса, Айдарқызы Айжан «Мәшһүр-Жүсіп оқулары» облыстық кезеңінде ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.
Гүлнұр Бақбергенова тоғызқұмалақ спортынан аудандық, облыстық және республикалық жарыстарда жүлделі орындарға ие болған. Кәсіби жетістіктері мен белсенділігі ескеріліп, облыстық кәсіподақ ұйымының атынан күзгі демалыста Өзбекстан Республикасына тегін туристік жолдамамен марапатталды.
Бақбергенова Гүлнұр Темірханқызы – жасампаздық пен ізденісті серік еткен, шәкірт жетістігін өз еңбегінің нәтижесі деп білетін, «Жас келсе – іске» ұстанымын ісімен дәлелдеп жүрген жас ұстаз.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы
-
Фото
-