НАУҚАН АЯСЫНДАҒЫ ЕҢБЕК ҰЖЫМЫМЕН КЕЗДЕСУ
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков пен құқықтық қызмет жетекшісі Әлия Джолшибекова Тараз қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы дарынды ер балаларға арналған әскери мектеп-интернатында болып, «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында еңбек ұжымымен кездесті. Кездесудің басты мақсаты – бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысымен танысу, қызметкерлердің еңбек жағдайын бағамдау, ұсыныс-пікірлерін тыңдау және кәсіподақтық қолдаудың нақты бағыттарын түсіндіру болды.
Кездесу барысында Ерұлан Мағзымбеков Жергілікті кәсіподақтың еңбек құқықтарын қорғау, құқықтық кеңес беру, әлеуметтік қолдау көрсету және еңбек ұжымдарындағы өзекті мәселелерді шешуге жәрдемдесу бағытындағы жұмыстарына тоқталды. Кәсіподақ мүшелері қандай да бір еңбек дауына тап болғанда немесе құқықтық көмекке мұқтаж болғанда, тиісті заңгер-мамандарға жүгіне алатынын атап өтті.
Мектеп директоры Әлішер Әзімбай қонақтарды білім ордасының тыныс-тіршілігімен таныстырып, ұжымның жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы әңгімеледі. Оның айтуынша мектепте барлығы 131 қызметкер еңбек етеді. Оның 60-ы педагог болса, қалғаны өзге қызметкерлер. Барлығы да кәсіподақ мүшелері.
Ал бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Айдана Құдайбергенова өз жұмысында ұжымдағы әріптестерге құрмет көрсетуге, олардың еңбегін бағалауға және ұйым ішіндегі ынтымақтастықты нығайтуға басымдық беретінін жеткізді.
- Мерекелік күндерде ұжым мүшелеріне құрмет көрсетіп, еңбектерін бағалауға көңіл бөліп келеміз. Еңбек күніне орай 71 қызметкерге, ал Ұстаздар күніне орай 60 мұғалімге кәсіподақ ұйымының атынан сыйлықтар табысталды. Алдағы уақытта да қызметкерлердің өтініштері мен ұсыныстарын назарға алып, еңбек және әлеуметтік мәселелер туындаса бірлесіп шешуге атсалысамыз. Ұйым жұмысын ашық жүргізіп, әр мүшемен тұрақты байланыста болу басты міндетіміз, – дейді Айдана Бекенқызы.
Жиын соңында Ерұлан Сәбенұлы Жергілікті кәсіподақ атынан мектеп әкімшілігіне қажетті тұрмыстық техниканы сыйға тартты. Көрсетілген қолдау білім ордасының күнделікті жұмысына септігін тигізетін игі қадам болды.
Жамбыл облыстық ұйымы
-
Фото
-