ЖАУАПКЕРШІЛІГІ ЖОҒАРЫ ПЕДАГОГ
«Қуатты кәсіподақтар – еңбек адамының қуатты үні» бірыңғай кәсіподақтық науқаны аясында еліміздің дамуына адал еңбегімен үлес қосып жүрген жас мамандарды көпшілікке танытуға, олардың кәсіби жетістіктерін дәріптеуге және қоғамдағы мәртебесін арттыруға ерекше мән беріледі.
Бүгінгі «Еңбек адамы» жобасының кейіпкері – Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданы, Болтай батыр атындағы шағын орталықты орта мектебінің тарих пәні мұғалімі, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, кәсіподақ мүшесі Аружан Бақтыбайқызы.
2021 жылдан бері білім саласында еңбек етіп келе жатқан жас педагог білім мен тәрбиені қатар ұштастырып, оқушылардың бойына ұлттық құндылықтарды, отансүйгіштік қасиеттерді және адамгершілік ұстанымдарды сіңіруге күш салып жүрген ізденімпаз маман. Тарих пәнін оқыту арқылы жас ұрпақтың туған елінің өткені мен бүгінін танып, тарихи санасы қалыптасуына үлес қосса, тәрбие жұмысы арқылы олардың жауапкершілігі мен азаматтық көзқарасын дамытуға атсалысады.
Аружан Бақтыбайқызының ұйымдастырушылық қабілеті, кәсіби ізденісі мен өз ісіне деген жауапкершілігі әріптестері арасында сый-құрметке бөледі. Ол үшін педагог болу тек білім беру ғана емес, әр оқушының қабілетін танып, тұлға болып қалыптасуына бағыт-бағдар көрсету.
Жас маманның кәсіби ізденісі байқаулардағы нәтижелерінен де көрінеді. Атап айтқанда, ол:
облыстық «Үздік тәлімгер – 2025» байқауында II орын;
облыстық «Үздік тәлімгер – 2026» байқауында I орын;
аудандық «Дарынды балаға – талантты ұстаз – 2026» байқауында II орын иеленді.
Бұл жетістіктер үздіксіз ізденістің, тәжірибе жинақтаудың және кәсіби дамуға деген ұмтылыстың нәтижесі.
Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданы
#ЕңбекАдамы #ҚуаттыКәсіподақтар #КәсіподақЖаныңда #ҮздікТәлімгер #ТұрарРысқұловАуданы