АҚТӨБЕДЕ ҰСТАЗДАР СПАРТАКИАДАСЫ БАСТАЛДЫ
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының қолдауымен «Қазақстан мұғалімдері спартакиадасының» облыстық кезеңі басталды. Спорттық додаға өңірдің 12 ауданының және қала мектептерінің педагогтары қатысуда.
Спартакиаданың ашылу салтанатында облыстық кәсіподақ ұйымының өкілі А.Серімбетов қатысушыларға ізгі тілегін білдіріп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ мұндай спорттық шаралардың педагогтар арасында достық қарым-қатынасты нығайтып, кәсіби ұжымдардың бірлігін арттырудағы маңызы зор екенін атап өтті.
Спартакиаданың басты мақсаты – ұстаздар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту, спорттық ойындар арқылы ұжымдық бірлік пен ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ педагогтардың физикалық және психологиялық саулығын қолдау.
Жарыс барысында мұғалімдер шағын футбол, волейбол, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, бес асық және асық ату сынды спорт түрлері бойынша бақ сынауда. Қатысушылар өздерінің спорттық шеберліктерін, ептіліктері мен төзімділіктерін көрсетіп қана қоймай, командалық рух пен өзара қолдаудың үлгісін танытады.
Мұғалімдер спартакиадасы – білім беру саласы қызметкерлерінің бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, әріптестер арасындағы байланысты нығайтуға және спортқа деген қызығушылықты арттыруға бағытталған маңызды шара.
Спорттық додаға қатысушыларға сәттілік тілейміз!
Ақтөбе облыстық кәсіподағы