ЕҢБЕК ЗАҢНАМАСЫНЫҢ САҚТАЛУЫ – БАСТЫ МІНДЕТ
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының заңгерлері А.Алимпиев пен Н.Жетпісбай Ақтөбе сервис колледжінің ұжымымен кездесті.
Іс-шара аясында келісу комиссиясының мүшелеріне арналған «Еңбек даулары, олардың туындау себептері және келісу комиссиясында қарау тәртібі. Ұжымдық шарт. Еңбек қауіпсіздігі – басты мүдде» тақырыбында семинар ұйымдастырылды. Заңгерлер комиссия жұмысының негізгі қағидаларын түсіндіріп, еңбек дауларын қарау кезінде заң талаптарын сақтаудың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар ұжымдық шарттың еңбек қатынастарын реттеудегі рөлі кеңінен сөз болды. Қызметкерлердің еңбек жүктемесіне сәйкес еңбекақы төлеу, үстемеақылар мен жәрдемақыларды есептеу, әлеуметтік кепілдіктердің сақталуы және ұжымдық шарт талаптарының орындалуы жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қатысушылар колледж қызметінде кездесуі мүмкін нақты жағдайларды талқылап, өздерін қызықтырған сауалдарға жауап алды.
Кездесуден кейін кәсіподақ өкілдері қоғамдық бақылау жүргізді. Оның барысында еңбек қатынастарына қатысты ішкі құжаттар зерделеніп, еңбек және ұжымдық шарттардың қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкестігіне назар аударылды.
Ақтөбе сервис колледжінде өткен кездесу қызметкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, еңбек құқықтарын қорғау тетіктерін түсіндіруге және әлеуметтік әріптестікті нығайтуға бағытталды. Кәсіподақ ұйымының құқықтық кеңес беру, еңбек заңнамасының сақталуын бақылау және қызметкерлердің мүдделерін қорғау бағытындағы жұмыстары жалғасын табады.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы