ЫРҒЫЗДАҒЫ ЕҢБЕК ҰЖЫМЫМЕН КЕЗДЕСУЛЕР
Білім саласы қызметкерлерінің еңбек құқықтарын қорғау, еңбек заңнамасының сақталуын қадағалау мақсатында Ақтөбе облысы Ырғыз аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрағасы Қ.Әбенов бірқатар білім беру ұйымдарындағы ұжыммен жүздесті.
Атап айтқанда, Т.Жүргенов атындағы жалпы білім беретін орта мектепте, «Бөбек» бөбекжайында, Мамыр негізгі орта мектебінде және Дүкен негізгі орта мектебінде болды. Сонымен қатар Аманкөл ауылдық округіне қарасты елді мекендердегі Т.Шонанұлы атындағы орта мектепке, Нарқызыл негізгі орта мектебіне, «Айгөлек» бөбекжайына және Т.Жаманмұрынов атындағы орта мектебіне барды.
Кездесулер барысында еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуы, еңбек заңнамасының орындалуы, ұжымдық шарт талаптары және кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселелері талқыланды. Сондай-ақ қызметкерлерге еңбек қатынастарына қатысты түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тиісті әдістемелік кеңестер берілді.
Аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы білім беру ұйымдарының еңбек ұжымдарымен ашық пікір алмасып, қызметкерлердің ұсыныс-пікірлері мен өзекті мәселелерін тыңдады. Қойылған сұрақтарға жауап беріліп, еңбек қатынастарына байланысты мәселелер бойынша пікір алмасты.
Өз кезегінде Қ.Әбенов алдағы уақытта ауданның өзге де елді мекендеріндегі білім беру ұйымдарын аралап, еңбек ұжымдарымен кездесулер жалғасатынын атап өтті.
Ақтөбе облыстық кәсіподағы
-
Фото
-