БАЙҚАУ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ
Республика күні ұлттық мерекесі қарсаңында Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы ұйымдастырған «Мен кәсіподақтамын, себебі...» креативті видео байқауының жеңімпаздары марапатталды. Instagram желісінде өткен байқауға барлығы 41 бастауыш кәсіподақ ұйымы қатысып, кәсіподақтың қоғамдағы рөлін заманауи форматта көрсетіп, еңбек адамының мүддесін қорғау мен қолдаудың маңызын кең аудиторияға жеткізді.
Байқаудың мақсаты – бастауыш кәсіподақ ұйымдарының күнделікті жұмысын, еңбек адамдарының құқықтары мен әлеуметтік мүдделерін қорғау бағытындағы қызметін кеңінен насихаттау болды. Қатысушылар бейнероликтер арқылы кәсіподақтық ынтымақ, өзара көмек пен әлеуметтік қолдаудың маңызын ашып, тың идеялары мен шығармашылық ізденістерін көрсетті.
Жеңімпаздарды марапаттау салтанатында Жергілікті кәсіподақ төрағасы Е.Мағзымбеков қатысушыларды ұлттық мерекемен құттықтап, байқауға белсенді қатысқан бастауыш кәсіподақ ұйымдарына алғыс білдірді.
- Байқау бастауыш кәсіподақ ұйымдарына еңбек адамын қолдау, оның құқықтары мен әлеуметтік мүдделерін қорғау бағытындағы күнделікті жұмыстарын жаңа форматта көрсетуге үлкен мүмкіндік берді. Осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, шығармашылықпен атсалысқан барша қатысушыға алғыс айтамын. Кәсіподақтың күші бірлікте болса, ал оның беделі еңбек адамы үшін атқарылған нақты істердің нәтижесімен өлшенеді, – деді Е.Сәбенұлы.
Байқау қорытындысы бойынша үш жүлделі орын және бес арнайы номинация белгіленіп, байқаудың І орын жеңімпазы болып Жамбыл ауданы №6 Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымы атанды. ІІ орынды Жамбыл ауданы «Балдырған» бөбекжай-бақшасының бастауыш кәсіподақ ұйымы, ал ІІІ орынды Т.Рысқұлов ауданы «Балбөбек» бөбекжай-бақшасының бастауыш кәсіподақ ұйымы жеңіп алды.
Сонымен бірге, «Ең креативті видео» номинациясын Т.Рысқұлов ауданы Б.Батыр атындағы шағын орталықты орта мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымы; «Үздік идея» номинациясын Шу ауданы №40 лицейдің бастауыш кәсіподақ ұйымы; «Үздік командалық видео» номинациясын Шу ауданы Абай орта мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымы; «Үздік режиссура» номинациясымен Байзақ ауданы Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназиясының бастауыш кәсіподақ ұйымы, ал «Кәсіподаққа адалдық» номинациясымен Жуалы ауданы №24 Т.Рысқұлов атындағы орта мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымы марапатталды.
Жамбыл облыстық ұйымы
-
Фото
-