2 ҚАЗАН 2026 ЖЫЛЫ ҚАЗАҚСТАННЫҢ АҒАРТУ, ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ САЛАЛЫҚ КӘСІПОДАҒЫНЫҢ АТҚАРУ КОМИТЕТІНІҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Отырыс Астана қаласында онлайн режимде өтті. Онда кәсіподақ қызметінің өзекті мәселелері қаралды.
Атқару комитеті мынадай негізгі шешімдер қабылдады:
Ақмола облыстық ұйымының еңбекші әйелдер ісі жөніндегі комиссиясының қызметі туралы ақпарат назарға алынды. Облыстық ұйымға комиссия жұмысын жүйелеу, әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттыру, көшбасшылықты дамыту және цифрлық форматтарды кеңейту бойынша тапсырмалар берілді.
Ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындарында гранттық және жобалық қызметті жүзеге асыру жағдайында ғылыми-педагогикалық қызметкерлердің еңбек құқықтарын бұзудың алдын алу шаралары бекітілді. Барлық деңгейдегі кәсіподақ органдарына қызметкерлердің құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету, ұжымдық шарттарға тиісті ережелерді енгізуге қол жеткізу және салалық келісімге ұсыныстар дайындау тапсырылды.
«Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің жергілікті кәсіптік одағы» ҚБ-да қаржылық қызметті, бухгалтерлік есеп пен іс жүргізуді ұйымдастыруда анықталған кемшіліктерді жою туралы қаулы қабылданды.
Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстық ұйымдарының кәсіподақ органдарының жұмысын кешенді зерделеу нәтижелері талқыланды. Кемшіліктерді жою, әлеуметтік әріптестікті нығайту, қоғамдық бақылауды күшейту және қаржылық тәртіпті сақтау бойынша тапсырмалар берілді.
Кәсіподақтың 2027-2029 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік туралы салалық келісімдерді жасасу жөніндегі міндеттері айқындалды. Келісімдер жобаларын, келіссөздерге материалдарды дайындау және әлеуметтік әріптестермен өзара іс-қимылды ұйымдастыру мерзімдері белгіленді.
Қызметтік іссапарлар және оларға шығындарды өтеу ережелерінің жаңа редакциясы бекітілді.
Кәсіподақтың статистикалық есеп нысандарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
«Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті» КЕАҚ қызметкерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымы» филиалы құрылып, ол туралы Ереже бекітілді.
2027 жылға арналған Кәсіподақ марапаттарының квоталары бекітілді.
Кәсіподақ қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғау, әлеуметтік әріптестікті дамыту және ұйымдастырушылық нығайту бойынша басым жұмысын жалғастыруда. 
-
Фото
-