ҰСТАЗ МӘРТЕБЕСІ – ҰЛТ МЕРЕЙІ
Жамбыл облысының «Баласағұн» орталық концерт залында 5 қазан – Ұстаздар күніне орай «Ұстаз – ұлт келбеті» атты мерекелік іс-шара өтті. Салтанатты мерекелік кешке облыс педагогтары мен білім саласының ардагерлері, салалық кәсіподақ өкілдері қатысты. Ұлы мамандық иелерін алдымен Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
– Ұстаз – адамзат өркениетінің ұлы тұлғасы. Барлық мамандық иесі ұстаздан тәлім алады. Олардың арман жолының бастауы ұстаздың шапағатынан басталады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Менің мақсатым – ұстазды қоғамымыздың басты кейіпкері ретінде дәріптеу» деген болатын. Бұл сөз ұстаз еңбегінің қоғамдағы маңызын айқындайды. Сондықтан әрбір ата-ана ұстазға құрметпен қарап, әрбір оқушы оның еңбегін бағалауы керек, – деді облыс әкімі.
Салтанатты шара барысында өңірдің білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесі, өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі жетістіктері үшін 64 педагог марапатталды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес Меркі ауданындағы И.Трубицын атындағы №17 жалпы білім беретін мектеп-гимназиясының мұғалімі Нағима Қаймалақова «Парасат» орденімен наградталды. Ал Тараз қаласындағы білім саласының ардагері Қансұлу Сапекова мен Шу ауданындағы №10 Шу колледжінің директоры Тоқжан Мұсаева «Құрмет» орденіне ие болды.
Шара барысында кәсіподақ саласының ардагері, Жуалы ауданының құрметті азаматы Гүлсін Рахымжанқызы Орынбаева «Мамандыққа адалдық» номинациясы бойынша марапатталып, қаржылай сертификатқа ие болды. Сонымен бірге, «Айша бибі» атындағы дарынды қыз балаларға арналған мамандандырылған «Білім-Инновация» лицей-интернатының мұғалімі Елена Белоусқа, Жамбыл ауданы білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Назаркүл Жампейісоваға, Тараз қаласындағы Ә.Бөкейханов атындағы №1 гимназиясының мұғалімі Гүлмира Помашеваға және Б.Бесбаев атындағы мектеп-гимназиясының мұғалімі Зухра Үсенбаеваға «Ерен еңбегі үшін» медалі табысталды.
Сондай-ақ, Тараз қаласындағы №9 орта мектептің директоры Роза Тұрмысова Президенттің Құрмет грамотасымен, білім саласының ардагері Бақытжан Нұржанова Алғыс хатымен марапатталды. Бұдан бөлек, Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі, «Ы.Алтынсарин», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілері, облыс әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісі, Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табысталды.
Салтанатты жиында білім беру саласының ардагерлері мен үздіктеріне, мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, қосымша және арнайы білім беру ұйымдарының педагогтеріне, аудандық білім бөлімдерінің әдіскерлеріне және ұстаз-аналарға салалық кәсіподақтың қаржылай сыйақысы берілді. Жиын мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасып, жамбылдық ұстаздарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Жамбыл облыстық ұйымы
-
Фото
-