ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНДАҒЫ КӘСІПОДАҚ БАҚЫЛАУЫ: ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР ҚҰҚЫҒЫ МЕН ҚАУІПСІЗДІГІ – БАСТЫ НАЗАРДА
2026 жылғы 20-22 сәуір аралығында ғылым және жоғары білім саласындағы әлеуметтік әріптестік жөніндегі Салалық комиссияның жұмыс жоспары аясында Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағы Орталық комитеті аппаратының құқықтық инспекторлары Қостанай облысының жоғары оқу орындарына жұмыс сапарымен барды.
Қоғамдық бақылаумен Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университеті, А. Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті және Рудный индустриялық университеті қамтылды.
Салалық комиссия мүшесі Айдарбек Бектабанов пен Орталық комитет аппаратының бас техникалық инспекторы Арман Айтжанов жоғары оқу орындарында еңбек заңнамасының сақталуын және Салалық келісімде бекітілген міндеттемелердің орындалуын тексерді. Тексеру барысында еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Қостанай өңірлік университеті мен Рудный индустриялық университетіне сапар барысында кадрлық құжаттамалар мен жұмыс берушілердің жергілікті құқықтық актілері зерделенді. Кәсіподақ тарапынан жүргізілетін қоғамдық бақылау, тек кемшіліктерді анықтап қана қоймай, сондай-ақ қызметкерлерді құқықтық қорғауды күшейту үшін жоғары оқу орындары әкімшілігіне әдістемелік және консультациялық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, сапар барысында өңірлік жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасының айтарлықтай нығайғаны байқалды. Мәселен, Арқалық педагогикалық университетінде жаңа оқу корпусы мен заманауи жатақхана пайдалануға берілді. Бұл оқытушылардың еңбек жағдайын жақсартып, студенттер үшін жайлы білім беру ортасын қалыптастыруға жол ашты.
Осындай ауқымды шаралар жұмыс беруші мен еңбек ұжымы арасындағы сындарлы диалогты қалыптастыруға бағытталған, сондай-ақ өңірлердегі жоғары білім мен ғылым саласының тұрақты дамуының кепілі болып табылады.
Біздің мақсатымыз – әрбір қызметкердің құқығын қорғап, қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету!
-
Фото
-